№1 АЛМАТЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК
ГУМАНИТАРЛЫҚ - ПЕДАГОГТІК КОЛЛЕДЖІ

«Мен өз ісімнің шеберімін» тақырыбындағы онлайн режимдегі әдістемелік апта (28-30 сәуір, 2020ж.)

Колледж  қашықтықтан оқыту режиміне көшуге қарамастан  оқу-әдістемелік жұмыс жоспарына сәйкес  «Мен өз ісімнің шеберімін» тақырыбында  қараша, сәуір айларында  дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын әдістемелік апта онлайн   режимде 28-30 сәуірде өткізілді. Әдістемелік аптаны ұйымдастыру мақсаты кәсіби шебер педагогтардың  ашық сабақтарын көрсету арқылы   озық педагогикалық тәжірибені тарату, жас ұстаздардың кәсіби шыңдалуына ықпал ету. Алдын ала апталықтың афишасы жарияланды, онда барлық мәліметтер берілді.

Тәжірибелі ұстаз А.Қ. Бекұзақованың педагогика пәнінен «Отбасы тәрбиесінің негізгі мәселері» тақырыбында  өткізген ашық сабағының барлық құрылымдық бөлімдері толық орындалды,  академиялық тұрғыда мазмұнының нақтылығымен, АКТ тиімді қолданумен ерекшеленді. Тақырыпқа байланысты 3 ата-анадан сұхбат алып, оны талдап, студенттермен бірге қорытындылады. Студенттерге шығармашылық тапсырмалар орындату арқылы, жаңа тақырыпты түсінгендіктерін көрсетті.  Сабаққа қатысқан әріптестерге қашықтан оқыту жағдайында ашық сабақты ешқандай кедергісіз өз мәнінде өткізуге болатындығын практикалық тұрғыда дәлелдеді.Әріптесінің сабағын көріп, «қалай болады екен?» – деп ойланып жүрген  басқа ұстаздар өз сабақтарын өткізуге құлшына кірісті.

Химия пәнінен  С.Б. Бұршақбаева «Карбон қышқылдары» тақырыбындағы сабағында  тақырыпқа сәйкес виртуалды лабораторияның тәжірибесін және үй жағдайында да тәжірибе жасап көрсету арқылы жаңа тақырыпты білім алушылардың толық меңгеруіне, шығармашылықпен жұмыс жасауларына көңіл бөлді. Әріптестері сабақ туралы «жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, өтілген сабақ» деген пікірлерін бірауыздан білдірді. Білім алушылар да белсене қатысып, пән бойынша тыңғылықты білім алып  отырғандықтарын  байқатты.

«Технологияны оқыту әдістемесі» пәнінің оқытушысы Г.Т. Мамыкова «Киіз үйдің макеті» тақырыбындағы сабағына  көп ізденіп, жоғары дайындықпен келгенін көрсетті. Киіз үй жасайтын фабрикаға барып, шағын бейне – баян әзірлеп, киіз үйдің құрылысы, тиімділігі, әлемдік деңгейде беріліп отырған мамандардың бағалары жайында көптеген құнды пікірлер берді, SWOD талдауын жасады.   Киіз үйдің макетін білім алушылар компьютердің мониторында қашықтықтан тінтуірдің көмегімен құрастырды. Сабаққа қатысқан оқытушылар оқытушының шебер, ақпараттық коммуникациялық технологияны жетік меңгергендігін жоғары бағалады. Киіз үйдің макетін құрастыруды үй тапсырмасы ретінде берді. Қазақ қолөнері туралы мәліметтер алатын түрлі сілтемелермен таныстырды.

НИМ жанындағы педагогикалық шеберлік  орталығынан   арнайы  курстан  өткен тәжірибелі ұстаздар   Н.А. Жапаркулова мен Г.Б. Құсманова  3 курс студенттерімен  «Оқу үрдісінде оқыту мен оқуды бағалаудың мағызы» тақырыбында әдістемелік коучинг ұйымдастырды. Оқытушылар көбінесе білім алушылардың осы тақырыпты  қалай меңгергендіктерін практикалық тұрғыда көрсетуге тырысты.  Білім алушылар да коуч –тренер терінде өз жобаларымен, презентацияларын демонстрациялады. Коуч барысында аздаған техникалық ақаулықтардың кедергі келтіргеніне қарамастан әдістемелік коучта әсіресе, білім алушылардың терең теориялық  білімдерінің бар екендігін және  болашақ мұғалімдер ретінде жаңаша бағалаудың басым ерекшеліктерін білетіндіктері, бағалау критерийлерін нақты сабақ жағдайында  құра алатындықтарын көрдік.         Әдістемелік коучингтен әріптестер, оның ішінде жас ұстаздар осы тақырып аясында  білімдерін толықтырып, кейбір ақтаңдақ мәселелердің орнын толдырды деп ойлаймын.

Үйден оқу пәнінен Г.С. Байғараеваның сабағы да жоғары дәрежеде ұйымдастырылған,  қазіргі заманғы білім беру контенттерін тиімді пайдаланған, интернет желісінен алынған  түрлі тапсырмалар мен жаттығуларды білім алушылардың ағылшын тілін терең меңгертуде нәтижелі қолданып, білім алушыларды ағылшын тілінде жатық сөйлеп, күрделі сөйлемдермен оқыған шығармаларын мазмұндап, талдап бере алатындығын көрсетті.

Облыста тұратындықтан Ж.М.Асенова сабағын көрсетуде интернеттің мүмкіндігі төмен болуына байланысты сабағының жоспары мен әзірлеген  электронды нұсқасын жіберді.

Жалпы әдістемелік апталықты жаңа форматта қашықтықтан өткізу барысында колледж оқытушылары АКТ бойынша өздерінің кәсіби құзыреттіліктерінің артқандығын, қандай жағдай болмасын сапалы  білім беруге болатындындығын көрсетті. Ұжымдағы әрбір педагогтың цифрлық сауаттылық деңгейін анықтап, өздерінің алдына осы салада  даму мақсаттарын қоюға мүмкіндік берді.

Директордың оқу-әдістемелік жұмысы жөнінен орынбасары Алимжанова А.Б.

№1 АЛМАТЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ГУМАНИТАРЛЫҚ - ПЕДАГОГТІК КОЛЛЕДЖІ

© 2021. Барлық құқықтар сақталған.