«Талап» КЕАҚ ұйымдастырған ТжКБ ұйымдары басшыларының курсы аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген колледж директорлары Түрксіб ауданындағы негізгі әлеуметтік серіктестеріміз №211 мектеп-гимназиясы, №187 бөбекжай-балабақшасының базасымен танысты. Келген қонақтар колледж студенттері кәсіби практикадан өтетін заманауи мектептің тәрбие ортасымен, білім беру технологияларымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттеріміздің шыңдалу алаңына айналған №187 бөбекжай-балабақшасында қонақтар кішкентай бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтарды сіңіру, эмоционалдық интеллектіні дамыту бойынша тәрбиешілердің озық тәжірибелерін іс жүзінде көрді. Әлеуметтік серіктестіктің басты мақсаты — колледжде алған теориялық білімді мектеп пен балабақша талаптарына сай кәсіби шеберлікпен ұштастыру.
Біздің әлеуметтік серіктестеріміз — №211 мектеп-гимназиясы мен №187 бөбекжай-балабақшасының ұжымына жылы қабылдау мен кәсіби қолдаулары үшін алғыс білдіреміз! Жаңа орталықтар жаңа идеялардың жүзеге асуына, кәсіби ізденістің дамуына және білім беру сапасының артуына қызмет етсін!







