1-қосымша «Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдардың» 15-тармағы келесі мазмұнда жазылсын:
«15. Колледж білім алушыларының ағымдағы бақылауы, аралық және қорытынды аттестаттауы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларына» 2-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
Медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № ҚР ДСМ-46 бұйрығымен бекітілген Медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жұмыс оқу жоспарына және оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау жасау және аралық аттестаттау өткізудің нысандарын, тәртібі мен мерзімділігін таңдауда дербес болады.
Қашықтықтан оқыту технологияларын (ҚОТ) пайдаланатын білім алушылар үшін ағымдағы бақылау мен аралық аттестаттау оқу жұмысының әртүрлі түрлерімен (тесттер, практикалық тапсырмалар, реферат, шығармашылық жұмыс) ұсынылуы мүмкін. Бұл ретте оқу жұмысының түрін педагог анықтайды.
Ағымдағы және аралық аттестаттау тапсырмаларының күрделілік деңгейі өткен материалға сәйкес келуі және білім алушылар үшін қолжетімді болуы тиіс.
Аралық аттестаттауға арналған тест тапсырмаларын әзірлеуге пәнді (модульді) жүргізетін педагог жауапты болады.
15-1) Білім алушыларды ағымдағы бақылау оқытушылардың әрбір пәннің/модульдің материалының күні мен тақырыбына берген күнделікті тапсырмаларының орындалу деңгейін бағалау нысанында өткізіледі.
Үлгерімге ағымдағы бақылау жүргізу мыналар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін:
1) телекоммуникациялық құралдарды (Zoom, WhatsApp және т.б.) пайдалана отырып, білім алушы мен оқытушының on-line режимінде тікелей қарым-қатынасы;
2) автоматтандырылған тестілеу кешендері (Platonus, Google Classroom, Moodle, EduPage және т.б.);
3) жазбаша жеке тапсырмаларды тексеру (білім алушылардың электрондық поштасына, WhatsApp, Telegram және т.б. мессенджерлеріне тапсырмалар беру).
Ағымдағы бақылау нысандары әртүрлі болуы мүмкін және игерілген материалдың мазмұнына байланысты болады (тесттер, реферат, практикалық тапсырмалар, шығармашылық тапсырма және басқалар).
15-2) ҚОТ пайдалану кезінде аралық аттестаттауды өткізудің ұсынылатын түрлері:
- тапсырманы орындау уақытын шектеу мүмкіндігі бар автоматтандырылған тест жүйелерін пайдалана отырып тестілеу (Platonus, Google Classroom, Moodle, EduPage және т.б.);
- жеке жобаны орындау (онлайн, офлайн);
- практикалық, шығармашылық тапсырманы орындау (онлайн, офлайн);
- on-line режимінде емтихан тапсыру (ауызша немесе жазбаша нысанда).
Тест тапсырмаларын, емтихан сұрақтарын, практикалық және шығармашылық тапсырмаларды білім беру ұйымы алдын ала әзірлейді және жалпы қолжетімділік үшін қашықтықтан оқыту порталына орналастырады.
Уақытты шектеу мүмкіндігі бар автоматтандырылған тест жүйелерін пайдалана отырып тестілеу кезінде білім алушы алдын ала белгіленген уақытта курстың бақылау парақшасына кіреді, онда қысқаша нұсқаулығы бар on-line тест орналастырылған. Білім алушы желіден шықпай және нақты уақыт режимінде сұрақтарға жауап береді.
Баға автоматты түрде немесе оқытушымен қойылуы мүмкін.
Бейнеконференция (Zoom, WhatsApp, Skype бағдарламалары, педагогтардың қашықтықтан оқыту сабақтарының конспектілерін әзірлеуі) арқылы on-line режимінде аттестаттау жүргізу кезінде білім алушы жұмысты қашықтықтан оқыту порталына немесе электрондық мекенжайға жібереді.
Аралық аттестаттауды off-line режимінде (практикалық, шығармашылық тапсырманы орындау және т.б.) өткізу кезінде білім алушы жұмысты белгіленген уақытта қашықтықтан оқыту порталына немесе электрондық мекенжайға жібереді.
Күрделілігіне және мазмұнының ерекшеліктеріне байланысты аралық аттестаттау on-line форматында өткізілуі немесе кейінірек мерзімге ауыстырылуы мүмкін.
«Өнер және мәдениет» бейіні бойынша жалпы білім беретін және жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында аралық аттестаттау жылдық бағалар негізінде қойылады.
Көркемсурет мамандықтары үшін емтихан сессиясына шығарылатын жалпы кәсіптік пәндер бойынша аралық аттестаттау жұмыстарды көру түрінде өткізіледі.
«Өнер және мәдениет» бейіні бойынша даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының білім алушылары үшін аралық аттестаттау үлгерімінің критерийлері оқу жұмысының әртүрлі түрлері (тестілеу, практикалық тапсырма, бақылау жұмысы, сауалнама және т.б.) болуы мүмкін. Оқу жұмысының түрін педагог анықтайды және бөлім кеңесінде бекітіледі.
15-3) Қорытынды аттестаттау алдын ала жасалған кесте бойынша өткізіледі.
On-line режимінде емтихан алу/дипломдық жобаларды қорғауды өткізу үшін білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттау комиссиясы құрылады және қорытынды аттестаттау басталғанға дейін бір айдан кешіктірілмей ТжКБ ұйымы директорының бұйрығымен бекітіледі.
Қорытынды аттестаттауды өткізу білім алушының жеке басын міндетті түрде сәйкестендіру және қорытынды аттестаттау комиссиясы тарапынан емтихан алу/дипломдық жобаларды қорғау рәсімі мен тәртібінің сақталуына тұрақты бақылау жасау арқылы жүзеге асырылады.
Білім алушыларды емтихан өткізу/дипломдық жобаларды қорғау тәртібімен таныстыруды ТжКБ ұйымы кемінде 20 жұмыс күні бұрын танысқандығы туралы растаумен электрондық пошта арқылы жүзеге асырады.
Оқу процесінің кестесіне сәйкес ТжКБ ұйымының интернет-ресурсында онлайн кеңестердің, дипломдық жобаны алдын ала қорғау және қорғау кестесі, онлайн емтихан/дипломдық жобаларды қорғау процедурасы, білім алушыларды дипломдық жобаны қорғауға жіберу туралы бұйрық және дипломдық жобалардың бекітілген тақырыптары орналастырылады.
ТжКБ ұйымы емтихан/дипломдық жобаларды қорғау басталғанға дейін 3-5 жұмыс күні бұрын вебинар өткізеді, оның барысында емтиханнан/дипломдық жобаларды қорғаудан өтудің барлық рәсімі мұқият және егжей-тегжейлі түсіндіріледі, әрбір қадам пысықталады.
Дипломдық жобаны қорғауға білім алушы өзінің жұмысын «экранды көрсету» режимінде ұсынатын электрондық түрде дайындайды.
Дипломдық жобаны қорғау жобаның тақырыбы, жалпы сипаттамасы және т.б. көрсетілген презентацияны көрсету түрінде өтеді. Бір білім алушыны қорғауға арналған жалпы уақыт, соның ішінде ауызша сөйлеу және қосымша сұрақтарға жауап беру 15 минуттан аспайды.
Білім алушылар мен комиссия мүшелерін бейне сессияға қосу дипломдық жобаларды қорғау басталғанға дейін 1 сағат бұрын жүзеге асырылады.
Емтихан өткізу/дипломдық жобаларды қорғаудың барлық рәсімі бейнеге жазылады.
Білім алушы емтихан тапсырар/дипломдық жобаларды қорғар алдында веб-камераға жеке куәлігін көрсетеді.
Билеттерді беру «кездейсоқ сандар генераторы» бағдарламасында жүзеге асырылуы мүмкін. Техникалық хатшы экранды көрсету режимінде билет нөмірін білім алушыға көрсетеді.
Білім алушы емтиханның ерекшелігіне және басқа да жағдайларға байланысты ТжКБ ұйымы белгілеген уақыт ішінде жауапқа дайындалады.
Жауапты дайындау аяқталғаннан кейін білім алушы жауап жазылған парақты көрсетеді, ал хатшы экранның скриншотын жасап, жауаптарды сақтайды. Білім алушы сұрақтарға жауап береді (бейнежазба жүргізіледі).
Баға қою, даулы мәселелерді шешу ТжКБ білім беру ұйымының өз еркімен дербес жүзеге асырылады. Қорытынды аттестаттау қорытындылары білім беру ұйымының интернет-ресурсында орналастырылады.
Қорытынды аттестаттау комиссиясының шешімдерін хаттамаларда ресімдеу кезінде қорытынды аттестаттау ҚОТ арқылы өткізілгені тіркелуі тиіс.
«Өнер және мәдениет» бейіні бойынша даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында мамандықтар мен біліктіліктердің ерекшелігін ескере отырып, қорытынды аттестаттауға шығарылатын жекелеген пәндер бойынша ағымдағы оқу жылының алдыңғы жартыжылдығының үлгерім қорытындылары бойынша орташа балл және түлектің шығармашылық мінездемесін қоюға болады.
0408000 «Хореография өнері» мамандығы бойынша 0408013 Балет әртісі, 0408023 Би ансамблінің әртісі және 0410000 «Цирк өнері» мамандығы бойынша 0410013 Цирк әртісі біліктіліктері үшін қорытынды аттестаттау бірқатар шарттардың жиынтығын білдіреді, оның ішінде ағымдағы оқу жылының алдыңғы жартыжылдығының үлгерім қорытындылары бойынша орташа балл шығару, аттестаттау комиссиясына ұсынылатын сахналық қойылымның жазбасы, білім алушының шығармашылық мінездемесі және/немесе жұмыс берушілердің пікірлері.
«Өнер және мәдениет» бейіні бойынша даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында дипломдық жобаларды (жұмыстарды) қорғау мамандықтар мен біліктіліктердің ерекшелігін ескере отырып (презентация мен дипломдық жұмыс жобасын электрондық форматта ұсыну) өткізіледі.».

